Пайғамбарымыз (ﷺ) жайында Қасиетті Құран Кәрімнің Нәжім сүресінің 4-аятында: «Ол өз ойынан сөйлемейді. Бұл тек көкейіне салынған уахи ғана» деп Алланың ескертуінен кейін Пайғамбарымыздың сөзінің маңызы мен мәнін терең түсінуіміз біз мұсылмандар үшін ең маңызды. Осындай сөзден кейін Пайғамбарымыздың (ﷺ) бір хадисін сіздермен бөлісуді жөн көрдім.
Алланың Расулі Мұхаммед (ﷺ) бір хадисінде былай деп бұйырады:
قال رسول الله صلى الله عليه وسلّم من ثابر على ثنتي عشرة ركعة في اليوم والليلة بنى الله له بيتا في الجنة:
Кім түнде және күндіз он екі рәкағат сүннет намазын күнделікті жалғастырса, Алла Тағала жәннатта ол адам үшін бір үй тұрғызады»
Әбу Ханифа мәзһабының ғұламаларынан Әл-Маусили «Әл-Ихтиар» кітабында ол сүннет намаздары туралы былай жазады:
ركعتين قبل الفجر، وأربعا قبل الظهر، وركعتين بعدها، وركعتين بعد المغرب، وركعتين بعد العشاء.
Таң намазының алдынғы екі рәкағат сүннеті, бесін намазының алдынғы төрт рәкағаты және соңғы екі рәкағат сүннеті, ақшам намазының соңғы екі рәкағат сүннеті мен құптан намазының соңғы екі рәкағат сүннеті.
Бір мұсылманның күнделікті оқуы керек болған бес уақыт намаздың сүннеттерінің барлығы он екі рәкағат болады екен. Жәннатта қонақтайтын үйіміздің кірпішін осы бастан қалау біздің қолымызда. Алла баршамызға жәннаттағы үйге кіргізуді нәсіп етсін. ӘМИН!
Исатай Бердалиев,
Ислам құқық ғылымдарының докторанты